«Dara» Президенттік бастамалар қорының ұйымдастыруымен өткен шарада масс-медиа саласының қызметкерлеріне пәтер сертификаттарын Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және «Dara» қорының президенті Әсел Шілдебаева салтанатты түрде табыстады.
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі –Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының БАҚ саласын дамытуға айрықша мән беретінін айта келіп, қуаныш иелерін жаңа қонысымен құттықтады.
– Журналистер арасында «біз не мемлекеттік қызметшілердің, не бюджеттік мекеме қызметкерлерінің санатында жоқпыз, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көре алмаймыз» деген мәселе жиі көтерілетін. Президенттің тапсырмасымен сол олқылықтың орны толып, жыл сайын журналистерге баспана беру дәстүрге айналды. Ең бастысы, пәтер кілттері еліміздің дамуына, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформаларды халыққа жеткізуге елеулі үлес қосып келе жатқан БАҚ өкілдеріне табыс етіледі. Соның ішінде баспана шын мәнінде мұқтаж жандарға беріліп отыр. Атап айтқанда, 21 пәтер көпбалалы отбасыларға, 5 пәтер жалғызбасты аналарға берілді. Сонымен қатар отбасында мүмкіндігі шектеулі баласы немесе жұбайы бар 11 азамат баспаналы болды. Пәтер алған БАҚ саласы қызметкерлерінің арасында 6 жанұя осы уақытқа дейін жатаханада тұрып келген. Бұл игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады. Бір отбасы баспаналы болса, қуанып, халықтан сүйінші сұрайтын журналистердің үйлі болуы – өте қуанышты жағдай, – деді Берік Уәли.
Былтыр Мемлекет басшысының атынан БАҚ қызметкерлеріне 1 және 2 бөлмелі 65 пәтер, ал биыл 67 пәтер берілді. Нақтырақ айтқанда, 13-і – 3 бөлмелі, 45-і – екі бөлмелі, 9-ы – бір бөлмелі пәтерлер.