Дара қорының жаңалықтары мен мақалалары

Алтын Орда тарихының жаңғыруы: халықаралық тарихи телехикаяның түсірілімдеріне дайындық басталды

Қор жаңалықтары
Алматы, 25-ші ақпан 2025
Nomad Stunts жаттығу базасында "The Golden Empire" атты алты бөлімді тарихи телехикаяның түсірілімдеріне дайындық аяқталуға жақын. Жобаның продюсері әрі режиссері Эмре Сахин түсірілім тобымен бірге көрермендерге ортағасырлық ұлы империялардың бірі қалыптасқан кезеңнің атмосферасын көрсету үшін қызу жұмыс жүргізуде. Телехикая Жошы хан мен оның Алтын Орданың құрылуындағы тарихи рөлін баяндайды. Жоба халықаралық дистрибьюторлардың назарын аударып, дүниежүзі көрермендерінің қызығушылығын оятатын туынды болады деп күтілуде.
Бүгінгі таңда телехикаяның сценарийі дайын. Ол қазақстандық тарихшылар мен мамандардың сараптамалық бақылауымен және халықаралық сценаристер командасының қатысуымен жазылды. Сценарийді әзірлеуге Джастин Поллард («Викингтер»), Клэр Мурсом («Заңнан тыс патша»), сондай-ақ өзге елдердің сарапшылары атсалысып, оның тарихи және мәдени нақтылығы қамтамасыз етілді.
«Телехикая тарихты Жошы Ханның «көзімен» көрсетеді. Бұл алыстағы аңыз емес, өзіндік жолы мен тағдыры үшін күрескен адамның оқиғасы. Телетуынды Алтын Орда тарихын қалыптастырған эпикалық оқиғаларға негізделгенімен, біз оның негізін қалаған адамның ішкі әлеміне көбірек көңіл бөлеміз. Мысалы, оның бала кезіндегі өз жолын іздеуі, қолбасшы ретіндегі талан-таражға түскен топтарды біріктірудегі күресі және тарихи баяндардың көлеңкесінде қалған Жошының құрбандыққа барған сәттері көрсетіледі. Бұл – тарихты отбасылық дастан ретінде баяндап, ұлы империялардың тек шайқастардың нәтижесінде емес, жүрек қалауымен құрылатынын көрсететін шығарма» – дейді режиссер Эмре Сахин.
Қазіргі уақытта ауқымды халықаралық кастинг өз мәресіне жетті. АҚШ, Ұлыбритания, Бельгия, Швеция және Моңғолиядан келген актерлерді қоса алғанда, мыңдаған үміткердің ішінен басты және қосалқы рөлдерге 350 кандидат таңдалды. Негізгі кейіпкерлер – Жошы хан, жас Шыңғыс хан, Шағатай, Үгедей және Бату – қазақстандық актерлердің орындауында көрерменге ұсынылады. Барлық қатысушылар ат үстінде жүру және тарихи айқас өнері бойынша қарқынды кәсіби дайындықтан өтуде.
Суретшілер тарихи костюмдер мен реквизиттерді жасау жұмыстарын аяқтауға жақын. Қару-жарақтан бастап тұрмыстық заттарға дейінгі әрбір элемент нақты тарихи зерттеулерге негізделген. Сол дәуірдің атмосферасын шынайы бейнелеу үшін жобаға жетекші шеберлер мен сарапшылар тартылды.
Жаттығу алаңында күрделі шайқас көріністерін қою жұмыстары жүргізілуде. Каскадерлер ат үстіндегі айқастың аутентикалық техникасын жаңғыртуда. Жаппай шайқастардағы тарихи дәлдік қоюшы-режиссерлердің басты назарында. Ауқымды сахналар мен тарихи орындардың реконструкциясын жасау үшін голливудтық Walt Disney, Pixar, DreamWorks, Universal Studios және Sony Pictures студияларымен бірлесіп жұмыс істейтін визуалды эффектілер компаниялары тартылған.
Жоба «Дара» Президенттік бастамалар қорының қолдауымен Karga Seven Pictures компаниясы тарапынан жүзеге асырылуда.
Түсірілім барысын қадағалап, актерлер мен тарихи оқиғалар туралы толығырақ білуге, сондай-ақ бэкстейдж-видеоларды көруге Instagram, TikTok және YouTube желілеріндегі @daraqory.projects аккаунттары арқылы болады.