Дара қорының жаңалықтары мен мақалалары

Қазақстанда Unico Play жеке онлайн-кинотеатры бар Uni-Q Group медиа тобы іске қосылуға дайындалуда

2024-09-12 15:00 Қор жаңалықтары
Күзгі бизнес-маусымның басталуына орай Алматыда құрылған және орналасқан Uni-Q Group медиа тобы өз жұмысын бастайды. Uni-Q құрамына Unico Play – онлайн-кинотеатры; сериалдар мен фильмдер жасайтын және негізінен қазақстандық аудиторияға бағытталған Unico Studio продюсерлік орталығы; Unico Rights – дистрибуциялық компаниясы және тағы бірнеше медиа активтер кіреді.
Топ Unico Play онлайн-кинотеатрына қазақ тілді контент жасап, әлем деңгейінде қазақстандық киноның прокатымен айналысады, сондай-ақ ойын-сауық бағытындағы туындыларды дистрибуциялау және монетизациялаудың кәсіби жүйесін қалыптастырады.

Кәсіби командасы бар осындай ірі жобаны құру Қазақстандағы цифрлық медиа нарығы мен кино өндірісі саласының дамуына жаңаша көзқарас, тың серпін береді. Uni-Q Group миссиясы – талғамға сай контент жасай отырып елдегі медиаландшафты жетілдіру, сондай-ақ жастардың өзін «талант» ретінде дамытатын, әлемдік деңгейге арналған жобаларды жасай алатын ортаны құру.

Uni-Q Group 2026 жылдың соңына қарай Unico Play-де ай сайын миллиондаған белсенді көрермендерді жинайтын Орталық Азиядағы цифрлық және медиа индустриясында көшбасшыға айналуды көздеп отыр, бастысы - бұл жоба әлемнің кез келген нүктесінде қолжетімді болады. Осы уақытқа дейін медиа топпен Smart-TV функциясы бар әлемдегі ең ірі теледидар өндірушілері серіктестік орнатып үлгерген.

Бұдан басқа, Uni-Q Group кинопрокат саласында да белсенді қадамдар жасауды жоспарлап отыр. Компаниялар тобының мақсаты жылына 1 млрд теңгеден астам түсіммен кемінде 4 киножоба құру. Осылайша, компания елдегі кассалық түсімдер бойынша жетекші орынға ие болып, ТМД кеңістігінде кинодистрибуцияның тиімді жүйесін құруға ұмтылады.

Болашағы зор жобаны жүзеге асыру үшін кәсіби IT-команда, халықаралық тәжірибесі бар медиа менеджерлер, кино өндірісіндегі мамандар топтастырылды. Жобаға салынатын жалпы инвестиция көлемі 50 миллиард теңгеден асады (100 миллион АҚШ долларынан астам).

Жобаны «Черный двор», «Приговор» секілді қазақстандық кинохиттерді жасауға қатысқан продюсер Анара Жүнісова басқарады. Анара – цифрлық медиа саласындағы жобалармен айналысатын ірі қазақстандық компаниядағы СЕО лауазымындағы алғашқы әйел. Сонымен қатар, жаңа жобаның продюсерлер құрамында креативті индустрияның белді өкілі Бексұлтан Қазыбек те бар.
Анар Жүнісова: «Біздің жобаның басталу күнінің мәні бар, өйткені 12 қыркүйекте біз қазақстандық кино күнін атап өтеміз. Uni-Q Group өз жобаларында негізінен қазақстандық аудиторияға бағытталады. Бұл – қазақ тіліндегі өзіндік контент құру, шетел киносының қазақ тіліне кәсіби дубляжы, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, ал болашақта Орталық Азия, ТМД елдерінің продюсерлерімен және креативті топтарымен ынтымақтастық орнату. Бұл ретте біздің мәдениетіміз бен құндылықтарымызды әлемге таныту да маңызды. Соңғы уақытта елімізде Қазақстаннан тыс жерлерде танымал болған сапалы контент жасайтын продюсерлердің, медиа менеджерлердің, режиссерлер мен сценаристердің тұтас бір тобы қалыптасты. Unico Play үздік заманауи қазақстандық фильмдер мен сериалдар тоғысатын алаңға айналады. Ал Unico Rights біздің жасаушылардың есімдері Орталық Азиямен қатар, өзге жерлерде танымал ету үшін барын салады».
Жобаны қолдауға бірқатар ұйымдар мен инвесторлар, соның ішінде «Дара» президенттік бастамаларды қолдау қоры мен қазақстандық кәсіпкер Тимур Турлов ниет білдірді.
Тимур Турлов: «Соңғы жылдары қазақстандық креативті индустрия өзінің шығармашылық және коммерциялық нәтижелерімен қуанта отырып, инвесторлардың назарын өзіне аудара бастады. Біз Қазақстанда орналасқан өмірлік мүдделер орталығы ретінде осы жобаның үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Бұл жобаның сапалы туындыларды түсіретін нағыз кәсіби орталық, соның ішінде біздің де жүзеге асырылып жатқан Freedom Media стриминг платформасына өз пайдасын тигізетініне сенім мол. Бірлескен жұмысымыздың нәтижесінде таяу арада еліміздегі көрермендер жаңа әрі қызықты туындыларды тамашалайды деген сенімдемін».
«Дара» дарындыларды қолдау Қоры» ҚҚ да бастамаға оң көзқарасын білдіріп, белсенді қолдау көрсетуде:
«Қазақстандағы креатив индустриясын дамыту біздің қордың басты мақсаттарының бірі. Еліміздің бұл салада болашағы зор және жүйелі жұмыс оны толық іске асыруға мүмкіндік береді. Қордың Uni-Q Group жобасын қолдауы қазақстандық кино-жобалардың өңірлік және әлемдік деңгейге жету жолындағы маңызды қадамдарының бірі болып табылады. Біз жобаға шығармашылық жетістіктер мен толайым табыс тілейміз».